Алматыда грантқа ілікпеген жас спортшылардың дауы әлі басылмай тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл академияға грантқа түсуге 744 абитуриент ниет еткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда грантқа ілікпеген жас спортшылардың дауы әлі басылмай тұр. Олар білдей спорт шеберіне үміткер бола тұра оқуға түсе алмай қалдық деп ренжулі. Бүгін Спорт және туризм академиясының басшылығы жағдайды түсіндірді. Сөздерінше, биыл оқуға грант аз бөлінген. Бірақ білім және ғылым министрлігі бұл деректі растады ма? Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржанның материалында.

17 жастағы бұл жігіт мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері. 5 жасынан бастап конькиді серік етіп, мұз айдынынан бір елі ажырамаған. Жас фигурист сан мәрте чемпионаттар мен өзге де сайыстардан үнемі жүлделі орындар иемденген. Бірақ оқуға түсер кезде дәл осылай қиналамын деп ойламапты. Өйткені спортта жеткен жетістігі академияға грантқа түсуге көмектесе алмады.

«Мен ҰБТ-ны жақсы тапсырдым деп айта аламын. Мәселен, Қазақстан тарихы және орыс тілінен жақсы баға алдым. Жалпы алғанда 27 балл болды. Бұл жарайды орташа деп санайық. Ал осында өтетін конкурстан 80 балл алып, бас аяғы 107 балл жинадым. Грантқа түсуіме бар-жоғы 3-4 балл жетпей қалды. Өте өкінішті», – деді мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері Всеволод Филь.

Шынғыс Серіков те грантқа ілікпегендердің бірі. Жас спортшы қазақ күресінен жүлделі орындарды ешкімге бермей келеді. Ол ҰБТ мен емтиханды  қосқанда 120 баллдың 110-ын жинаған. Тек чемпионға грантқа түсерде иемденген медальдары мен осыған дейін жеткен жетістігінің керегі болмай қалды.

«Күрес менің бала кезден серігім. Мен күрес-күрес деп сабаққа да көп мән бермедім осы. Кәсіби түрде айналысамын деп ойладым. Осы жерге түсу ойымда болды. Бірақ түсе алмадым. Грант аз бөлінді деп ойлаймын. Өйткені мен ҰБТ-дан 40-тың 30-ын жинадым. Осы жерде емтиханның 80-нен 80-ді жинадым», – деді спорт шеберіне үміткер Шыңғыс Серіков.

Биыл академияға грантқа түсуге 744 абитуриент ниет еткен. Бірақ оған тек емтиханда  жоғары ұпай жинаған 163 спортшы түсіпті. Оқуға тапсырғандар академияға түсудің ережесіне көңілі толмайды. Сөздерінше, бұрындары спортта өздерін дәлелдегендердің грантқа түсуге көп мүмкіндігі болатын дейді. Бірақ кейін талап өзгеріп, жоғары балл жинағандар ғана түсе алатын болған. Ал академия басшылығының сөзінше биыл спорт саласына аз грант бөлінген.

«Жыл сайын Білім және ғылым министрлігі жыл сайын гранттың санын өздері анықтайды. Ал олар Еңбек министрлігі беретін ақпаратқа сүйенеді. Бізде жаттықтырушыларға деген сұраныс жыл сайын 600 адамнан мың адамға дейін жетеді. Бірақ тиісті ведомоства биыл 350 грант бөлді. Ол елдегі лицензиясы бар 41 университетке бөлінді», – деді Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі биыл осы салаға қосымша 301 грант бөлінгенін айтады. Яғни, бұл жаңа оқу жылына 350 гранттан бөлек берілді. Сонда мемлекет есебінен бөлінген тегін оқуға 651 орын бөлінді деді. Тек неліктен шын майталмандардың грантқа ілікпегені белгісіз.

Жадыра Омаржан, Аянрафи Нарикбаева, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров