Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Асқар Маминнің берген жауабында айтылды
Қазақстанның жоғары оқу орындарында суицидология саласындағы мамандар даярланбақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Асқар Маминнің берген жауабында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның атап өтуінше, бүгінде өңірлерде 1 мың 876 психологиялық қызмет құрылған. Онда балалардың құқықтарын қорғау бойынша 11 мыңнан астам маман, оның ішінде білім беру жүйесінде 7 мыңнан астам педагог-психолог жұмыс істейді. Алайда елімізде жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсау фактілері әлі де өзекті.
Жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау мәселелері педогогикалық жоғары оқу орындарының және колледждердің білім беру бағдарламаларына енгізіледі. Білім министрлігінің мамандары бұл тек пән ретінде оқытылатынын айтады. Яғни психолог, психиатр, медицина саласының мамандарына суицидология бойынша білім беріледі. Алайда бастама қашан, қандай университеттерде жүзеге асырылатыны әлі белгісіз.
«Медициналық мамандықтар бойынша жаңа бағдарламалар осы енді-енді былайша айтқанда әзірленіп қарастырылып жатыр. Бұл айтылған бағыттар шеңберінде әрбір жоғарғы оқу орны қоғамның сұранысына қажетті осы бағдарламаларды биыл даярлайды. Даярлануына байланысты белгілі бір сараптамадан өтуі керек бұл бағдарламалар. Ол сараптамадан өтіп осы министрліктің жанындағы қалыптастырылатынт тізімге енуі керек», – деді ҚР БҒМ департамент директорының орынбасары Бану Нарбекова.
Ал, психолог Ержан Мырзабаев еліміздегі суицид мәселесі суицидолог мамандардың тапшылығынан болып отырған жоқ дейді. Өмірге құштарлығы қалмаған бала ғана өз-өзіне қол жұмсауға барады. Баланың сол қызығушылығын ата-ана, құрбы-құрдас, мектептегі мұғалімдер оятатынын айтады. Сондықтан артық шығын шығармай, қолымызда бар мамандарды жетілдіріп, мектептегі психологтардың біліктілігін арттыру қажет деп санайды.
«Бәрін қосымша шығын ретінде қарасамыз да, бірақ айналып келген кезде нәтижесі өте аз, төмен, мысалы. Сол сияқты біз әр нәрсені жұмыс ақшаға айналдырмай, бар болған мамандықтардың ішіне кіргізу керек. Мысалы, мектептерде өзін-өзі тану сабағы бар. Ол өзін-өзі тану сабағы суицидті де, өмірге құлшынысты да, өзіне сенімділікті де, балалар арасындағы буллингті де бүкіл проблемаларды қамтып шешетін орта болуы керек. Мен білмеймін өзін-өзі тану сабақтарында не үйретіп жатыр және неге нәтижесі аз», – деді психолог Ержан Мырзабаев.
Үкімет тарапынан жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу мақсатында 2020-2023 жылдарға арналған арнайы жол картасы қабылданған екен. Нәтижесінде суицид жағдайлары аз-маз кеміген. Бас прокуратураның деректеріне сүйенсек, былтыр жасөспірімдер арасында 143 суицид жағдайы тіркелген, ал өзіне қол жұмсауға әрекеттену саны – 306.
Қаламқас Нысанбай