2021 жылы мектептердегі орын тапшылығы мәселесі айтарлықтай жақсара түспек
Келер жылы Алматыда сыйымдылығы 12600 орындық 8 мектеп пайдалануға беріледі. Оның бесеуі Алатау ауданында, екеуі Наурызбай және біреуі Түрксіб ауданында бой көтереді. Мұндай ақпаратты Жайлы қалалық орта басқармасы беріп отыр. Қазір мегаполистегі білім мекемелерінде шамамен 30 мыңға жуық оқушыға орын жетпейтін болса, 2021 жылы мектептердегі орын тапшылығы мәселесі айтарлықтай жақсара түспек. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі жалғастырады.
2822 оқушысы бар №133 жалпы білім беретін мектепте орын тапшы. Қазір қала әкімдігі тарапынан бұл білім ордасына 400 орынға арналған қосымша ғимарат салынып жатыр. Құрылысы келер жылдың жазында аяқталуы тиіс нысанда балалар санын 2 ауысымға шаққанда, 800 оқушы білім ала алады екен. Бұл мектептегі орын тапшылығын азайтуға септеседі.
«Биылғы жылы әкімдіктің, Бақытжан Әбдірұлының оңтайлы шешімі болды деп ойлаймыз. Мектебімізге қосымша ғимарат салынуы – бірінші кезекте оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешеді. Нақты оқушы саны сол ғимараттың сыйымдылығына сәйкес болса, ол білім сапасын жоғарылатуға септігін тигізеді», – деді №133 жалпы білім беретін мектептің директоры Нұрлан Адалов.
Әуезов ауданының тұрғыны Айгүл Сүлейменованың 2 баласы да осы №133 мектепте білім алады. Ол бала санын арттыру мақсатында қолға алынған шаруаның игі іс екенін айтады. Мектепке жапсарлас салынып жатқан ғимаратта 20 оқу кабинеті қарастырылған. Бастауыш сыныптарға арналған арнайы информатика кабинеттері, ағылшын, қазақ тілі кабинеттері және хореография залы бар.
«Мектепте бала санының көптігінен қосып жатқан құрылысқа ата-аналар атынан ризашылығымды білдіремін. Оңтайлы, дұрыс шешім деп ойлаймын. Балаларымыз жақсы оқиды. Бұл мектептің білімінің өрлеуіне, қала әкімінің қосып жатқан үлесіне рахметімді айтамын», – деді ата-ана Айгүл Сүлейменова.
Ал, биыл қалада 3717 орынға шақталған 7 мектеп пайдалануға берілді. Олар – Әуезов ауданындағы «Мамырда» орналасқан 1200 орынға арналған жаңа мектеп, Түрксіб ауданы «Нұршашқандағы» 600 орынға арналған мектеп және Бостандық ауданындағы 100 орынға арналған жаңа музыкалық білім ордасы. Бұл жұмыстар шаһар басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асты.
«Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тікелей тапсырмасымен 2019 жылдың жартыжылдығынан бастап қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Жоба сметалық құжаттамалар және құрылыс монтаждау жұмыстары басталды. 2020 жылы Алматы қаласында жаңа 7 мектеп нысаны іске берілді», – деді Жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев.
Ал келесі жылы қалада сыйымдылығы 12 мың 600 орындық 8 мектеп пайдалануға беріледі. Оның 5-еуі Алатау ауданында, 2-еуі Наурызбай және біреуі Түрксіб ауданында бой көтереді. Одан бөлек, мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында 17 мектепке 8 мың 818 оқушыға шақталған қосымша ғимараттар салынып жатыр.
Сая Меңдеке, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы