Балалар арасында кенжелеп қалған оқу үрдісін жандандыру үшін қандай шаралар атқарылды?
Оқуға деген қызығушылық мектеп қабырғасынан қалыптасуы керек. Тиісінше білім беру үдерісінің басым бағыттарының бірі жоғары оқу мәдениетін қалыптастыру. Осылай деген мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Балалар арасында кенжелеп қалған оқу үрдісін жандандыру үшін қандай шаралар атқарылды? Оқушылар кітап оқымайды деген стереотип шындыққа сай ма? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.
«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар білім мен мәдениеттің ошағы. Жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі өз мәнін жоғалтпайды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту керегін жеткізген еді. Осыған орай індетке қарамастан шаһардағы білім беру ордалары оқушылар үшін есігін айқара ашты. Онымен қоса, баланы онлайн форматтағы оқуға баулитын жобалар қолға алынды. Соның бірі – №175 «Жаңа ғасыр» гимназиясымен ұйымдастырылған «Президент ұсынған 30 кітап» акциясы.
«Карантин уақытында кітапханамыз үнемі ашық болды. Сыныптардың арасында түрлі челлендждер ұйымдастырылды. Ол жерде оқушылар өздерінің парақшасына мәнерлеп өлеңдерді оқиды да, соның ішінде ең үздік болған шығармаларды біздің гимназиямыздың парақшасына және фейсбукта жариялап, марапаттап отырдық», – деді №175 «Жаңа ғасыр» мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Айнұр Тұрсынова.
Қала мектептерінде электронды нұсқадағы оқулықтар да қарастырылған. Сондай-ақ, кейбір энциклопедиялар мынадай QR кодпен басылып жатыр. Яғни, бұл кітапты кезкелген смартфон арқылы оқуға болады деген сөз.
Аталмыш гимназияның 4-сыныбында оқитын Жанерке Серікова кітапсүйгіш оқушылардың бірі. Тіпті электронды нұсқадағы оқулықтарды меңгеріп алған. Небәрі 9 жастағы қыз осы уақытқа дейін 40 шақты шығарманы оқып шыққан. Әсіресе, отандық жазушыларды сүйіп оқимын дейді.
«Кітап оқығанды өте қатты жақсы көремін. Әсіресе, Абайдың, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін ұнатамын. Мен Абайдың барлық өлеңдерін оқып шықтым. Қара сөздерін де оқыдым. Енді мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып жатырмын. Мен жиі кітапханаға келемін», – деді №175 «Жаңа ғасыр» мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Жанерке Серікова.
Ал қала тұрғындарының басым бөлігі кітаптың құны түсіп кетті дегенмен келіспейді. Көпшілігі жас буынның кітап оқуға деген ынта-ықыласы орнында деген пікірде.
БЛИЦ:
- Оқиды мен өзім кішкентай кезінен үйреттім.
- Немерем оқиды. 5-сыныптағы немерем оқиды.
- Немерелерімізде сол біз оқыған бала кезімізде оқыған ертегілерді оқып өсіп келе жатыр.
Сондай-ақ, желтоқсан айында « Alatau Creative HUB» орталығында заманауи кітапхана ашылды. Жетілдірілген орталық қалада жасампаз орта қалыптастыру үшін қолға алынған.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы