Мұндай мамандықты оқытатын бөлім де, факультеттер де жоқ
Елімізде SMM және MMM мамандары жетіспейді. Мұндай мамандықты оқытатын бөлім де, факультеттер де жоқ. Бұл мәселе Алматыда өткен «Әлеуметтік желідегі Қазақстанның жағдайы» атты жиында айтылды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заман талап еткендіктен SMM мамандары қазір білімді арнайы медиа-мектептерден алып отыр.
Жиында хабарлама тарату жұмыстарынан бөлек әлеуметтік желі жұмыстарын дамыту жағы да көтерілді. Бірақ, елдегі әлеуметтік желілердің жиі бұғатталып қалуының себебі айтылмады.
Social media marketing (SMM) – өнімді әлеуметтік желілер арқылы жарнамалау, ал, Messenger media marketing (MMM) – аты айтып тұрғандай мессенджерлер арқылы жарнамалау. Әлеуметтік желілерді кез келген адам қолдана алғанымен, кәсіби түрде жұмыс істейтін маман некен саяқ.
«Қазақстан халқы он жылдан бері әлеуметтік желі мен мессенджерлерді қолданады. Соңғы кездері SMM және MMM мамандықтары пайда болды. Бұл мамандықтарға компанияларда, түрлі мекемелерде штаттық орын қарастырылмаған. Оның орнына тек PR-менеджерлер жұмыс істеп келді. Өз жұмысын жандандырып, тауарын жарнамалау үшін SMM бойынша жұмыс істейтін мамандар да тапшы. Сол мәселені шешу үшін министрлік өкілдерін, оқу орындары сынды түрлі саланың өкілдерімен жиын өткізіп жатырмыз», - дейді SMM және MMM кәсіби қызмет көрсетушілер қауымдастығының президенті Ализа ШАЙХ.