Алматыда биыл 30 мыңға жуық 1-сынып оқушысы офлайн оқымақ

24.08.2021 03:28

300 мың оқушы дәстүрлі форматта білім алады

stan.kz

Алматыда биыл 300 мың оқушы дәстүрлі форматта білім алады. Демек, жаңа оқу жылында 287 білім беру ұйымы жұмысын бастайды. Ал, 1-сыныпқа 30 мыңға жуық бала қабылданыпты. Бұл қалалық Білім басқармасының мәліметі. Ал, осы білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын ба? Орын жетіспеушілігін азайту бағытында салынып жатқан мектептердің құрылысы аяқталуға жақын ба? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Шәкіртсіз мектеп жетім екен. Соңғы жылдары мұны қатты сезінген ұстаздар қауымы оқушыларын сағынып, 1 қыркүйекті асыға күтіп жүр. Сөзсіз, ұстаз бен шәкірт арасында тығыз байланыс болған жерде, білімде нәтиже болады. Осылай деген Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияның директоры Сания Өскенбайқызы биылғы оқу жылына білім ошағының сақадай сай екенін жеткізді. Білім ордасын осы жылы 117 мектеп түлегі бітірсе, соның 85 пайызы мемлекеттік грант иегері атаныпты.

«Ұстаз алдында шәкірт отырса, ол өз алдына қуаныш екен. Нағыз ұстаз бақыты шәкіртімен бірге екен. Сондықтан шәкірттерімізді асыға күтудеміз. Сағындық. Жаңа оқу жылына дайынбыз. Барлық оқу кабинеттері заманауи жаңа технологиялармен жабдықталып, оқушыларымызды сағына күтуде», – деді М.Мақатаев атындағы № 140 гимназияның директоры Сәния Тілеубай.

Білім ошағындағы ең басты жаңалықтың бірі – ол мектепке жапсарлас салынған ғимараттың пайдалануға берілуі. Құрылысы толық аяқталған жаңа нысан биыл оқушыларды қабылдауға әзір. Екінші бір жаңалық - биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығымен білім ошағының 30 жылдығы тұспа-тұс келіп тұр. Мектепте 2 жарым мың бала дәріс алып, 156 мұғалім еңбек етеді. Олардың арасында орденді ұстаздар, кәсіби байқаулардың жеңімпаздары, оқу-әдістемелік құралдардың авторлары, ұлттық біріңғай тест сарапшылары, оның құрастырушылар бар. Олар білім беру жолында аянбай еңбек етуде. Әрбір сынып санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқу құралдарымен жабдықталған.

«Білім нәрімен сусындауға дайын келе жатқан шәкірттерімізді қарсы алуға әрбір ұстаз, әрбір пәндік кабинет дайын. Осы пәндік сыныптарға енген шәкірт әр пәннің өзіндік ерекшелігіне сай пәннің сиқырлы әлеміне енуіне дайын болып келсе болғаны», – деді М. Мақатаев атындағы № 140 гимназияның химия пәні мұғалімі Сәуле Сапарова.

Қалада қазір 12 мың 600 орындық 8 мектептің және 8 мың 263 орындық қосымша ғимараттардың құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде 9 қосымша нысанның құрылысы 1 қыркүйекте аяқталып, 4 мың оқушы орынмен қамтамасыз етіледі. Бүкіл білім беру ұйымдарының «Ашық» жобасының қатысушысы болып табылатынын айта кеткен жөн.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеларнасы