Жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет
Жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Қазақстанда пандемияға дейін салықты уақытылы төлеп келген жеке және заңды тұлғалардың банк алдындағы берешектерін кешіруді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халық қалаулысының айтуынша, бұрын қазақстандықтар қарызды тұрмыстық техника, қымбат киім-кешек сатып алу мен той-домалақ өткізу үшін алса, қазір шектеу шаралары кезінде несие оқуға, емделуге, әдеттегі киім мен тамақтануға алынып жатыр.
«Шектеу шараларын енгізу аурудың ерекше қарқынмен дамуын тоқтатуға септігін тигізген шешім болды. Алайда, «Халық коммунистері» фракциясы жалдамалы жұмысшылар мен кәсіпкерлер кірісінің төмендеп кеткеніне көпшіліктің назарын аударып отыр. Карантин кезінде шағын және орта бизнес саласында өндіріс көлемі күрт төмендеді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров.
Депутат өндіріс көлемінің қоғамдық тамақтану саласында - 53, бөлшек саудада - 45, көлікте - 37 пайызға төмендегенін жеткізді. Бұл өз кезегінде кәсіпорындарды жабу, банкроттық жариялау, банктермен сот ісін жүргізу секілді тәуекелдерді арттырады.
«Мамандардың болжамынша, 3 миллионға жуық қазақстандық шағын және орта бизнесте шоғырланған. Егер жаңа шектеу шаралары енгізілмесе, шағын және орта бизнеске шамамен бір жыл бойы қалпына келу қажет болады. Түрлі бағалауларға сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілерінің 30-50 пайызы жабылады деп күтілуде», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров.