Нұр-Сұлтанда мерекеге орай қайырымдылық акциясы өтті

23.03.2021 06:07

Бүгін екі мыңнан астам отбасыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік табысталды

Нұр-Сұлтанда карантин шараларының күшейтілуіне байланысты Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жатқан жоқ. Барлық шаралар ойнлайн форматта өтуде. Әкімдік ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ғана қала ішінде киіз үйлер тігіп қойған. Дегенмен еріктілер Ұлыстың ұлы күні қайырымдылық жасау дәстүрін сақтап, қарияларға қолғабыс жасауда. Үйлерінің маңындағы қарларын күреп, баталарын алып жатыр. Бұдан бөлек, мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратуда. Бүгін екі мыңнан астам отбасыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біздің мақсатымыз –  ұлттық дәстүрімізді сақтау. Ол үшін қала бойынша арнайы орындарды ашып жатырмыз. Қазіргі ахуалға байланысты Наурызды үлкен көлемде той тойлайтындай мүмкіндік жоқ. Сондықтан мүмкіндігінше қайырымдылық акцияларын өткізіп жатырмыз», – деді  қала әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.

Ал, бас қаланың суретшілері мейрамның көркі мен маңыздылығын туындылары арқылы көрермендер назарына ұсынған. 30 қыл қалам иесі 70-тен астам суреттері мен мүсіндерін көрмеге қойды.

«Бұл көрме - өзіміздің төл мерекеміз Наурыздың құрметіне ашылып жатқан көрме. Бұл көрмеде әр буын өкілдерінің жұмыстары тұр. Көпшілігі Наурыз, көктем және ұлттық дүинемізге байланысты туындылар», – деді  Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Қалиолла Ахметжан.