Жақсылық ағаны жоқтау

03.08.2020 06:22

2 тамызда даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров өмірден өтті

ашық дереккөз

2 тамызда қазақтың біртуар азаматы, Грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров өмірден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Елімізде спорт саласының кең қанат жаюына ат салысқан даңқты спортшының қазасы мұқым қазақ халқының қабырғасын қайыстырды. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. 

Жеделхатта Жақсылық Үшкемпіровтің қазақ спортына және ел экономикасының өркендеуіне қосқан үлесі, өмірдегі әрбір қадамы мен атқарған істері, қайырымдылық шараларға белсене ат салысқаны, халқымыздың шынайы мақтанышына айналған ұлы перзенттерінің бірі болғанын атап өткен. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, қарапайым желі қолданушылары  Жақсылық Үшкемпіровтің қазасына қайғыра көңіл айтып, спортшы жайында естеліктерін жазуда. Белгілі жас ақын Мерей Қарт та Жақсылық ағаны жоқтап, өлең жазған. 

ЖАҚСЫЛЫҚ АҒАНЫ ЖОҚТАУ

Қабырға сөгіп кеттің-ау,
Қапырық атқан тамызда.
Тұғыры биік, тектім-ау,
Тірідей кірген аңызға.

Атына заты сай жігіт,
Көрмеген еді қаймығып.
Қара жамылды, апыр-ай,
Қараша жұртың қайғырып.

Бүгінгі күннің батыры,
Күшіне пара ақылы.
Сұм ажал шалып аяқтан,
Ақымға жықты ақыры.

Жалған ғой ішті күйгізер,
Құтқармас қанды қақпаннан.
Жамбасты жерге тигізер
Жазмыштан асқан жоқ палуан!