Көрмені Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы ұйымдастырды
Астанада «Отбасы тарихы – ел тарихы» атты ерекше көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол Кеңес Одағының Батыры, 316 атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Иван Васильевич Панфиловтың 130 жылдығына, жұбайы Мария Ивановна Панфилованың 120 жылдығына және қызы Валентина Ивановнаның 100 жылдығына арналып отыр.
Көрмені Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы ұйымдастырды. Бірегей экспозицияны дайындауға музейдің Алматы филиалының басшысы, Иван Панфиловтың немересі және белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытжан Байқадамовтың қызы Алуа белсенді көмек көрсетті.
Іс-шараға мемлекеттік әскери-тарихи мұражай мен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастықтары Ләззат Әлжан мен Арман Асенов, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының командирі Майдан Құсайынов қатысты.
Көрменің құрметті қонағы Алуа Байқадамоваға аты аңызға айналған генералдың отбасы туралы естелік айтып, ата-бабалары өмір сүрген уақыттың тынысын сезінуге мүмкіндік бергені үшін жылы сөздер айтылды.
– Біз Сізді анамыз әрі жауынгерлік әкпеміз деп білеміз. Сізден көп нәрсе үйрене білдік. Жас ұрпақ тәрбиесіндегі қажымас еңбегіңіз үшін Сізге деген ризашылығымыз шексіз, – деп атап өтті Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.
Өз кезегінде Алуа Байқадамова туыстарының тағдырына тоқталып өтті. Олар да басынан көптеген ауыр сынақтарды өткізіп, тағдырдың теперішіне төзе білген.
– Құсқа ұшу үшін қос қанат керек. Міне біздің отбасымыздың да құдіретті қос қанаты бар. Ол – Панфиловтар – Қаралдиндер және Байқадамовтар отбасылары, – деп атап өтті ол.
Көрмеге келушілердің назарына бұдан бұрын жарияланбаған бірегей фотосуреттер, мұрағаттық құжаттар мен отбасы тұтынған жеке заттар ұсынылды. Экспонаттар революцияға дейінгі уақытты, азаматтық және екінші дүниежүзілік соғыс, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін кезеңдерін қамтиды.