Волонтерлік – бұл тек ақысыз жұмыс емес, бұл азаматтардың жауапкершілігі
Алматыда полицияның қоғамдық көмекшілері мен еріктілері мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Президент айтқандай, волонтерлік – бұл тек ақысыз жұмыс емес, бұл азаматтардың жауапкершілігі мен әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайын екендігі. Әр апта сайын Алматы қаласында қоғамдық көмекшілер мен полицияның еріктілері кезекшілікті қабылдайды. Сонымен қатар, “Қоғам”, “Көшбасшы” еріктілер қозғалысының мүшелері өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге, сондай-ақ ,жоғалған адамдарды, оның ішінде балаларды іздеу шараларына белсенді қатысады. Жыл басынан бері ерікті күштердің көмегімен шаһар аумағында жоғалып кеткен 150-ден астам адам табылды, олар өз отбасыларына аман-есен оралды», – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Алматы Полиция департаменті бастығының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі #375 бұйрығымен еріктілер қозғалысының белсенді қатысушылары еріктілер қозғалысына белсенді қатысқаны және полиция қызметкерлерін қолдағаны үшін алғыс хаттармен марапатталды. Оларға іздеу шараларын жүргізуге қажетті тізімдемелер: радиостанциялар мен жарықтандыру құралдары берілді.