Ол Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктеріндегі өртті сөндірген жедел топтың құрамында қызметтік борышын атқара жүріп, қайғылы жағдайда қаза тапты
Мемлекет басшысының Жарлығымен Медеудегі өртті сөндіру кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды (марқұм), деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды (марқұм)», - делінген Жарлықта.
Азаматтық қорғаныс сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын Алматы қаласы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде бастаған.
Алматы қаласы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №1 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған.
Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы лауазымына 2019 жылы тағайындалған. Биыл 8 мамырда Арслан Құрманбеков Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктеріндегі өртті сөндірген жедел топтың құрамында қызметтік борышын атқара жүріп, қайғылы жағдайда қаза тапты.