Қазақ елі әйгілі Қара майорды ақтық сапарға шығарып салды

14.02.2019 21:29

Марқұммен қоштасуға оның достары, әскерилер, әріптестері келді

Бүгін қазақ жұрты Борис Керімбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Аты аңызға айналған арда азаматпен қоштасу рәсімі Алматыдағы офицерлер үйінде өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Борис Керімбаевтың жаназасына жиналғандардың қарасы қалың. Марқұмның туыстары мен ет жақындарынан бөлек,  Ауған соғысының ардагерлері, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан қызметтес болған достары да келіпті. Борис Керімбаев соғыста мықты стратег болған дейді оның соңынан ерген сарбаздары.  

«Ол кісі әрдайым күліп жүретін. Бұл оның мінезінің ерекшелігі еді. Менің болашақ командирлерге айтарым, қызметіңіз аяқталғаннан кейін артыңызда қалған сарбаздарыңыз сізді «Әке» деп атаса, сіздің жақсы маман болғаныңыз. Борис Түкенұлы соңынан ерген сарбаздарына нанын бөліп беретін жан еді. «Қара майор» әр жауынгер өміріне аса жауапкершілікпен қарады. Ол кісі операцияларға тыңғылықты дайындалып, адам шығынан кетірмеуге тырысатын», – деді «Әскери бауырластық» одағының президенті Сергей ПАШЕВИЧ.  

Борис Керімбаев – Ауған соғысының ең атақты ардагері, №177 арнайы жасақ командирі болған. Айла-тәсілдерді дұрыс пайдаланғанының арқасында ол басқарған жасақ көп ұрыстарда жеңіске жетіп отырған. Ардагерді ақтық сапарға шығарып салуға келген ауғандықтар Керімбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру керегін айтады. Қоштасу рәсімінде «Қара майорға» арналған өлең шумақтары оқылды.

«Оқ жаңбырдай жауған күн,

Өзіңнен қуат алғанмын.

Қара қабыланы қазақтың,

«Қара майоры» Ауғанның.

Батыр ең, рас, алып ең,

Өлімге қарсы барып ең.

Басыңа миллион тігіліп,

Ажалдан аман қалып ең.

Қазақтың қара нарысың,

Қош болғын адал арысым.

Қазақтың нағыз батыры,

Халықтың қаһарманысың. Қош бол батыр аға. Иманың саламат болсын», – деп тебіренді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек СМАҒҰЛ. 

 

Борис Керімбаев 12-ақпан күні Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің госпиталінде көз жұмған болатын. «Қара майор» Алматы облысының Абай ауылындағы зиратқа жерленді.