Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі полиция қызметкерлерімен кездесіп, оларға алғысын жеткізді
Алматы облысында лаңкестермен күресте қаза болғандардың отбасына 5 млн теңгеден беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кеше облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі полиция қызметкерлерімен кездесіп, оларға алғысын жеткізді. Кездесу барысында Қ. Бозымбаев Президент тапсырмасымен және полиция қызметкерлерінің жауынгерлік рухын көтеру мақсатында арнайы келгенін айтты. Бүлік кезінде барлық салмақ күштік құрылымдардың иығына түскенін, олардың террорлық шабуылдарға қарсы оқ пен оттың ортасында жүріп ел тыныштығын қорғағандарын ризашылықпен атап өтті. Сол сияқты қаза болған қызметкерлердің отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.
«Ерен ерліктеріңіз үшін Жетісу жұртшылығының атынан сіздерге зор алғыс айтамын. Лаңкестермен күрес кезінде бірнеше полиция қызметкері қаза тапты. Зардап шеккендер де көп. Бұл тек олардың отбасыларының ғана емес, баршамыздың ортақ қайғымыз. Мемлекет олардың жанұяларын қиындықта жалғыз қалдырмайды. Біз оларды өз назарымызға алып, қамқорлық жасаймыз. Әрбір қаза болған азаматтардың отбасына 5 млн теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады. Балаларының оқу ақысына көмектесіп, басқа да қолдау шаралары қарастырылады», - деді Қанат Бозымбаев.
Алдағы уақытта полиция мен арнайы органдар қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетудің кешенді шаралары қарастырылатын болады. Соның ішінде олардың статусын көтеру, штат санын көбейту, тұрғын үймен қамту, көлік және басқа да материалдық техникалық қамтамасыз ету қолға алынады.
«Бұрынғыдай емес, қазір халықтың сіздерге деген көзқарасы өзгерді. Әсіресе, соңғы екі-үш күн ішінде көпшіліктің полицияға деген құрметі артып, олардың қадірін түсінді. Бүгінгі күні де өз міндеттеріңізді лайықты атқарып, халық күзетінде тұрсыздар. Қиын кезеңде ерен ерлік көрсеткен сіздердің әрқайсыларыңызды біз батыр деп білеміз!» – деді облыс басшысы.