Түркияда зілзалада із-түзсіз кеткен Мирболат Құрмашевтің денесі табылды

10.02.2023 14:26

Туыстары соңғы уақытқа дейін оны тірідей табамыз деп үміттенген

ашық дереккөзден

Түркияның Хатай провинциясындағы толығымен қираған ғимараттан қазақстандық құтқарушылардың күшімен екінші отандасымыз Мирболат Құрмашевтің денесі табылып шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Үйінді астынан іздестіру барысында құтқарушылар алдын ала белгіленген іздестіру орнына қол жеткізу үшін барынша жедел түрде арнайы ойық жасады. Құтқарушылар кішкентай бос орындар арқылы ойықтың ішіне кірді. Бұл ретте құтқарушылар құрылымдық элементтердің қайта құлауын болдырмау үшін тосқауылдарда аз саңылаулар жасауға тырысты», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Сонымен қатар үйіндіде қауіпті учаскелерді анықтап, үйінді бөлшектерін көтеріп жылжыту жұмыстары жүргізілген.

Бұрын атап өткендей, туыстары соңғы уақытқа дейін Мирболатты тірідей табамыз деп үміттенген. Алайда Telegram каналында марқұмның ағасы Алмат «Оны жоғалтып алдық» деп жазды.

Айта кетейік, Мирболат Құрмашев Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болған. Жер сілкінісі кезінде ол әріптестері Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова және Құбилай Кескинмен бірге Хатай провинциясында болған. Жер сілкінісінен кейін олармен байланыс күрт үзілген.

Кейін із-түзсіз жоғалған жігіттің ағасы 8 ақпанға қараған түні қазақстандық еріктілер оны іздеуге ұшып жатқанын айтты. Сыртқы істер министрлігі де жағдайды біліп, іздеуге көмектесті.