Саперлер 6 мыңнан астам оқ-дәрі тауып, түгел залалсыздандырды
Арыс қаласы аумағының 65 пайызы жарылғыш заттардан тазартылды. Саперлер 6 мыңнан астам оқ-дәрі тауып, түгел залалсыздандырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Сағат 16.00-де қала аумағының 65 пайызын тазарту аяқталған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Алайда, бұл жұмыстар тұрғындар қалаға кірмей тұрып аяқталады», – деп мәлімдеді Түркістан аймағындағы брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев.
Министр орынбасарының айтуынша, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін шамамен 2,5 мың әскери қызметкер, 160 бірлік техника жеткізілді.
«Минаны алып тастау үшін 45 топ құрылды, ал жалпы саны шамамен 500 адамды құрайтын екі команда жұмыс істеді. Үш күнге созылған қаланы жарылғыш заттардан тазалау кезінде, 6000-нан астам оқ-дәрілер тәркіленді және ел аяғы баспайтын жерлерге тасымалданды», – деді Құрманбаев.