Санкт-Петербург қаласында жүргізуші қыздың өзіне қырындаған жігітті капотына жатқызып алып, кетіп бара жатқан сәті видеоға түсіп қалды.
Оқиға куәгерлері жариялаған бейнежазба желідегі жұрттың қызу талқысына түскен.
Күлкілі жағдай 2 шілде күні таңертең болыпты. «Комсомольская правда» басылымы жазғандай, қыз жігітті капотына жатқызып алып, «Звездная» метро станциясынан Орджоникидзе көшесіне дейін апарған. Кадрларда Chevrolet Cruze рөлінде қара шашты қыз отыр, ал жасыл жейде киген ер адам капотқа жармасып, үстінде жатыр.
Жүргізуші қыздың айтуынша, жігіт қырындап маза бермеген соң, осылай сазайын тартқызғысы келіпті.
«Өлтірейін деген ойым жоқ еді. Көлікті ақырын айдадым», - дейді ол.
Бір жарым шақырымдай жүріп өткен ару автобус аялдамасына тоқтайды. Жігіт түсе салысымен жүргізуші есігіне жақындап еді, қыз оған пысқырып та қарамай кетіп қалды.