Алматы облысында далада табылған сәби: көзі іріңдеп, денесі сарғайып барады (ВИДЕО)

19.02.2019 14:59

Шәлі орамалмен ғана оралған шақалақ аязды күні әбден үсіп, кіндігі мен көзіне суық тиген

Алматы облысында даладан табылған жаңа туған сәби аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Шәлі орамалмен ғана оралған шақалақ аязды күні әбден үсіп, кіндігі мен көзіне суық тиген. Денесіндегі сарылары да кетпей жатыр дейді дәрігерлер.

«Айы-күні толып туғанымен, құрсақта жатқанында-ақ инфекция жұқтырған» деп болжайды мамандар. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Түрген ауылының тұрғыны Сәуле Дүйсенова көмір жағатын пеші болған соң әр 20 минутта есік алдын жиі бақылайды. 12 ақпан күні де әдеттегідей екінші рет пешке отын салуға сыртқа шыққан. Шарбағында ілулі тұрған сары пакетті сонда көріпті. Әуелгіде қоқыс екен деп мән бермепті. Жақындағанында қозғалып, ішінен дыбыс естілді дейді.

«Бірдеңе шиқылдайды, сыртынан ұстап көрсем, жұмсақ. Мен мысық немесе ит екен деп ойладым. Иті туып, күшіктері керек болмаған соң біреу менің шарбағыма іліп кеткен шығар дедім. Ашсам, баланың қолы шықты. Өзімнің есім шығып кетті», – дейді тұрғын Сәуле Дүйсенова.

Қан-қан шәлі орамалға оранған сәбиді бірден үйіне кіргізіпті. Кіндігі де түспеген шақалақ қыз бала екен. Әбден мұздап қалған соң, жылы сумен шомылдырған, тамақтандырған. Жалғыз шешесімен тұратын, өзі бала сүймеген келіншек шақалақты бауырына басқысы да келіпті. Бірақ құжаттың машақатын сезіп, дәрігерлерге хабарласқан. Мамандар, нәрестені анасы жалғыз туып, кіндігін өзі кескен деп отыр. Салақтаған ішегін байлап та үлгермеген.

Түрген ауылында жалғыз амбулатория болғандықтан, нәрестені жедел Есік қаласына жөнелткен. Дәрігерлер сол күні дүние есігін ашқан деп топшылайды. Екі жарым келі, бойы – 49 см. Қыздың фамилиясын Тастанды, есімін Бағым деп қойыпты. Бірақ әлі сырт көзге көрсеткен жоқ. Өйткені, нәресте тым әлсіз болғандықтан, жансақтау бөлімінде жатыр екен.

«Екінші күннен бастап көзі іріңдей бастады. Бала біршама сарғайып кетті. Бәрі іштен болған инфекцияның кесірі. Анализдерінің бәрін алдық. Анасы тексерілмеген», – дейді Есік қалалық перзентхананың директоры Гүлнәр Мамырбекова.

Яғни баладағы түрлі аурулар құрсақта жатқанында-ақ жұққан. Ал бір аптадан бері Түрген түгілі, Еңбекшіқазақ ауданының бүкіл шенділерін аяғынан түк тұрғызған оқиғадан соң, дүйім келіншек атаулыны мамандар тексеріп жатыр екен. Ауылдағы тіркеудегі 124 аяғы ауыр әйелдің бірі де әлі босанбапты. Сондықтан бұл көрші маңайда туылған сәби болуы мүмкін.

Қазір аудандық атқамінерлер сәбидің құжатын рәсімдеп жатыр. Егер шешесі іздеп келмесе, бір аптадай емделіп, бөбектер үйіне жөнелтілмек. Ал шақалақты бір сағаттай иіскеп, бауырына басқан Сәуле Дүйсенова Бағымнан хабар алып тұратынын айтты.