Мұзбалақ ақын 91 жыл бұрын Қарасаз төрінде дүниеге келген еді
Бүгін қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағалидың туған күні. Поэзияның Хан Тәңірі осыдан 91 жыл бұрын Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Қарасаз төрінде дүниеге келген еді. Ол өмірден өткен 45 жылда өзі айтпақшы, нешелеген естелік, еселеген зерттеу жазылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мені алғайсың!».
Бүгін – ғасыр ақыны, ақиық Мұқағали туған күн. Ақын өлеңі жүрек пернесін дөп басатынымен, адами сезімді анық танитынымен ерекше. Сондықтан да болар, ол күллі қазаққа ортақ болғанымен, дүрсілі бар әр кеудеде әркімнің өз Мұқағалиы бар.
«Мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да» дейді ол. Лирик ақынның өлеңдерінен жетпістегі қарттың да, жиырмадағы жастың да өз бейнесін табатыны бар. Әркімнің өз Мұқағалиы бар дейтініміз содан. «Көп білетін ақындығынан бөлек, ол әкелік міндетін адал атқарған отағасы болды» дейді ақынның ұлы.
«Менің негізгі тағдырыма әкем тікелей әсер етті. Ол кісінің өсиетімен заң факультетіне түстім, көп жыл бойы сол салада жұмыс істедім. Ол кісі еңбекке отырғанда шешеміз қадағалап жүретін. Содан бұл кісі шешемізге «Ал Лашын, тыңда» деп жазған өлеңдерін оқитын», - деп еске алады М.Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев.
Өлеңдерінің алғашқы сыншысы да, тыңдаушысы да бола білген ақынның жары оның мұрасының сақталуына зор мән берді, барын бүгінге жеткізді. Қазір бұл мұратты ұрпағы жалғастырып отыр. «Ел ішінде Поэзия күні аталып кеткен бұл датада ғана емес, жалпы жыл бойы Мұқағали мұрасын дәріптеушілер, қызығушылардың қатары көп» дейді ақының келіні.
«Ұлы тұлғаның, ұлы ақынның, қазақтың екінің бірінің аузында жүрген ақынның келіні болу Алланың менің маңдайыма жазған ғанибеті шығар деп ойлаймын. Сол кісінің рухына жұмыс істеп жатқанымды мен үлкен мақтаныш тұтамын», - деді М.Мақатаев атындағы халықаралық қордың президенті Бақытгүл Айдарова.
Мұқағали – терапия. Қара жер, қалың қазақ перзентімен қоштасқанмен, оның жыры байтақ даласын кезіп, қазақ баласының көкейінде жатталып келеді. Сірә, ақын дейтін халықтың шыққан биігі, аласармайтын асқары осы шығар. Өзі айтпақшы, «Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев, Алайда, өлтіре алмас өлеңді ешкім»...
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы