Нұр-Сұлтанда студенттер өзенге батып бара жатқан баланы құтқарып қалды

turkystan.kz
turkystan.kz
Баланы құтқарып қалған Мағжан өз қауіпсіздігі туралы бір минут та ойланбағанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физика-техникалық факультетінің бірінші курс студенттері Мағжан Сұлтанов пен Диас Камалов университеттің бас ғимараты жанында Ақбұлақ өзенінде суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 2021 жылғы 26 наурызда кешкі уақытта болған. Университеттен шыққан студенттер көмек сұрап айқайлаған баланың даусын естиді. Дереу өзенге қарай жүгіріп, ол жерден 8-9 жастағы суға батып бара жатқан баланы көреді.

Көп ойланбастан олар көмекке асықты. Мұзға қарманған баланы көріп, судан шығарып, үстіндегі  киімдерін шешіп, орап алады. Осы кезде ЖОО қызметкері Ботагөз Паратхан жұбайымен бірге жақын маңда жүрген, оларды автокөлікке салып, баланы үйіне апаруды ұсынады.

Үйге барған соң студенттер баланы құрғақ киімге ауыстыруға көмектесіп, жылы сусын беріп, ата-анасына оқиға туралы хабарлайды.

Баланы құтқарып қалған Мағжан өз қауіпсіздігі туралы бір минут та ойланбағанын айтты.

«Менде бір ғана ой болды, қайткенде баланы құтқару», – дейді ол.

Мағжанның өзі отбасындағы жалғыз ұл. Ол ядролық физика мамандығы бойынша оқиды. Бұл мамандықты таңдағанына қуанышты, өйткені ол атомдар мен молекулалармен жұмыс істегенді ұнатады. Диас Камалов болса, Техникалық-физика мамандығы бойынша грантта білім алады. Қостанай облысы Рудный қаласында туған, отбасының кенжесі. Мағжан сияқты ол да мұндай сәттерде қорқыныш туралы ойлаудың өзі артық деп есептейді.

Новости партнеров