Нұр-Сұлтанда Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы басталды

04.09.2019 15:10

Оған 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары мен еліміздің 90-ға жуық ақын-жазушылары қатысады

Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Азия елдері қаламгерлерінің І форумы басталды, деп хабарлайды Baq.kz.

Халықаралық форум 4-6 қыркүйек күндері өтеді. Аталған іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіп отыр.

Конгресс-орталықта өтіп жатқан форум барысында «Азия әдебиетінің жауһарлары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.


Тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді.

Азия елдері қаламгерлерінің І форумында  аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының төрағалары сынды 90-ға жуық ақын-жазушылар мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған қаламгерлер бас қосты.