Ақтөбе облыстық күрес федерациясы көпбалалы анаға газ плита сыйлады, деп жазады Aktobenews.kz.
АЗХС бау-бақша ұжымында тұратын көпбалалы ана Жанна Маханбетова 3 жыл бұрын күйеуімен ажырасқан. Жаннаның жеті баласы бар. Төртеуі азамат болып кетсе, қалған үшеуі әлі білім алып жүр. Соның ішінде 13 жастағы баласы күрес үйірмесінде тегін жаттығады.
«Спорт саласында жүрген балаларға көмектесуге әрқашан дайынбыз. Мұқтаж адамдардың үйлеріне барып, қандай көмек қажет екен сұрағанбыз. Бұл бір реттік көмек емес. Алдағы уақытта да байланыста боламыз. Балаңыз Нұрислам ағалары сияқты чемпион болсын. Облыстық спорт басқармасы мен күрес федерациясының атынан сізге газ плитаны сыйға тартамыз», — деді облыстық күрес федерациясының президенті Жеңіс Жартыбаев.
Жанна Маханбетова сыйлыққа риза болып, алғысын білдірді. Дегенмен оның үйіне газ құбыры кіргізілмеген. Әлі күнге дейін газ баллонды пайдаланып отыр.
«Бұрын үйде үлкен газ плитасы мүлде болмаған еді. Көмек беріп жатқандарыңызға рақмет. Балаларыма демеу болып жатқаныңызға үлкен алғыс айтамын. Өзім жұмысқа шыға алмаймын. Газ құбырын да кіргізе алмай отырмын. Оны кіргізу үшін 1 миллион теңгеден астам ақша қажет», — деді 48 жастағы ана.