Теракт кезінде Алматы әуежайында болған тілші: «Сәбиімді көтеріп, басым ауған жаққа қаштым»

11.01.2022 15:14

Алматы әуежайын терроршылар басып алған кезде оқиғаның куәгері болған журналистің монологы

Фото: sputnik.kz

Алматы әуежайын терроршылар басып алған кезде әуежай ішінде отбасымен бірге болған «Информбюро» порталының тілшісі Роза Әрен оқиға туралы толық баяндап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы әуежайын басып алып жатқан кезде біз ішінде болдық. Шамамен сағат 19.55 кезінде бір топ адам айғай-шумен кіріп келді.

Біз сол күні Air Astana әуе компаниясының рейсімен Астанаға ұшатын болғанбыз. Рейсіміз 17.45-те ұшатын еді, ол бір рет кешіктірілді, сосын бүгін ұшпайтынымызды хабарлады. "Қайда барамыз?" деген сұраққа әуе компаниясыныңқызметкерлері мардымды жауап бере алмады. Интернет жоқ. Содан "Қайда барамыз, мүмкін әлі де ұшармыз" деп отырғанда біршама уақыт өтті. Жанымызда Ақтөбе, Шымкентке ұшып жатқан адамдар болған.

Бір кезде "не де болса қалаға шығайық" деп шештік. Жолдасым даладан такси іздеп кетті (кейін айтуынша, такси 15-20 мың теңге сұрапты. Сосын әуежай маңы тобырға тола бастағанда таксистер тым-тырақай қашқан).

Мен баламен әуежайдың 2 қабатында, күту залында отырдым. Балам қасымда ұйықтап жатқан. Жолдасым кеткен соң, 5 минут өтер-өтпестен бір топ әуежай қызметкері (стюардессаларды анық байқадым) сырттан ішке қарай жүгіріп келе жатты. Олар алдында киініп, сыртқа шығып бара жатқан еді. Артынша айғай-шу, ысқырған дауыс естілді. Ер адамдардың даусы. Жұрт жапатармағай қаша бастады. Паника басталды.

Ұйықтап жатқан баламды жұлып алып, мен де басым ауған жаққа қарай қаштым. Заттарымыз сол жерде қалды. Тіркеу орнына бара жатқан жолда әуежай қызметкерлері отыратын бір кабинет бар екен. Соған бірнеше стюардесса кіріп жатқанын көріп, артынан мен де кірдім. Есікті жауып алдық. Әуежайдың бір қызметкері (ер адам) ешкімді кіргізбеуге бекініп, есік алдында тұрды. Әлгі кабинеттің қабырғасы тұтас әйнек болғандықтан, біз сыртта не болып жатқанын көріп тұрдық.

Ана жердегі атмосфераны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен сырттағы жолдасымды уайымдап, өзімді қоярға жер таппадым. Оған хабарласып, өзім отырған жерді айтып үлгердім. Абырой болғанда, қанша шу болса да, қолымдағы балам оянған жоқ. Жүрегім дүрсілдеп, истерикаға беріле бастаған кезімде қасымда тұрған бір әйел маған орыс тілінде айғайлап ұрысты.

"Бекем бол, жылама, қолыңдағы баланы неге ойламайсың?" деген кезде дереу есімді жиып алдым. Ол әйел жанында үрпиісіп отырған кішкентай 3 балақайға "Балалар, бұл – осындай ойын. Біз қазір тығылып қалдық, біз мықтымыз, бізді ешкім таба алмайды" деп алдарқатып отырды.

Жолдасым біз тығылып отырған кабинетті тауып келді, бірақ іштегілер жамырап, оның кіруіне қарсы болды. "Қазір ол кірсе, артынан ана топ та ере кіреді" деді. Сондықтан ол бізді есік алдында әуежай қызметкерімен бірге күтіп тұрды. Адамдар әрі-бері жүгіріп жатты, бірақ басында халыққа ешкім тиіспеді. Әлгі бір топ адамның "Өзіміз сияқты қарапайым адамдарға тиіспейміз" дегенін естіп, біраздан соң кабинеттен шықтық. Әуежай қызметкерлері де "кабинеттен шық та шық" деп безілдей бастаған болатын. Мені ол жерге қолымда кішкентай балам болған соң кіргізіпті.

Жолдасым екеуміз тезірек әуежайдан шығуға тырысып, баламызбен есікке қарай беттедік. Топ ішінен бір жігіттер менің қорқып тұрғанымды көріп, "Қарындас, қорықпаңыз, тиіспейміз" деп жұбатып жатты. Эскалатор істемей қалыпты, сонымен тез-тез түсіп бара жатқанымда, артымда сол тобырдың біраз жігіті келе жатты. Одан сайын қорқып, жылдамдатқанымда, біреуі маған "Асықпай түсіңіз" деді. Біреулердің әуежай ішінде "Жігіттер, ештеңеге тиіспейміз" деп нұсқау бергенін, тағы біреудің "Енді не істейміз?" деп жатқанын естідім. "Взлеткаға шығып аламыз ба?" дегендер болды. "Ой, мына жерде адам аз екен ғой" дегенін де естідім.

Олардың жанталасып әуежай диспетчерлерін іздеп жүргенін де байқадым. Далаға шыққанда, есік алдында одан да көп адамның тұрғанын көрдік. Біз әуежайға сағат 15.40 кезінде келгенде постта кемінде 3 машина толы әскери адамдар тұрғанын көргенбіз. Сыртта солардың бірде-бірі болмады, күзет те жоқ, жалпы әуежайды басып алған кезінде сол жерден не полицей, не әскери адам көрмедім.

Біз әуежай алдындағы көшеге шыға бергенде, Ту көтерген бір көлік "бибілдеп" артынан көп көлік шулап келе жатты. Жаяу келе жатқандардың қолынан кирка, күрек, дубинка, тіпті бірінен мылтық көрдім. Біреуі басына "polisia" деген жазуы бар каска киіп алыпты. Кейбірі "Әруақ, әруақ!" деп айғайлап қояды.

Жанымыздан өтіп бара жатқан бір жігіт "Қорықпаңыз, тиіспейміз!" деді. Сосын оған "Не болып жатыр?" дегенімде "Біз режимді құлатқалы жатырмыз. Міне, әуежайды басып алдық" деді. Жолдасым ол жігітке "Бізді мына жерден шығарып жіберші" деп өтініш жасады. Әлгі жігіт әуежайға қарай шулап келе жатқан сансыз көліктің бірін тоқтатып, бізді соған салып жіберді. Рөлде отырған жігіт Рысқұлов даңғылына дейін жеткізіп салды, сол жерден бізді досымыз үйіне алып кетті. Жолда кетіп бара жатып, қалада нөмірсіз көліктер көбейгенін байқадым. Бір қиылысқа келгенде әлдебір көліктер жолды жаба бастады. Бір әйел адам сыртқа шығып, "өткізбеймін" деген сыңай жасап тұрып алды. Біз амалын тауып, ол жерден сытылып шығып кеттік.

Адамдар айғайлап кіріп келгенде, әуежайдың бірталай (бәрі дей алмаймын) қызметкерінің жұртпен бірге қашқанын көз көрді. Күту залында отырған кейбір жолаушы тіпті, орнынан тұра алмай отырып қалды. Ал әскерилердің әуежайдан кетіп қалғаны рас.

Шыны керек, сол жағдай мені шок қылды. Аэропорт – стратегиялық объект, оның үстіне Алматыдай үлкен қаланың әуежайы осылай қорғаусыз қалады деп ойламаппын.

Өзімізді сол күні қорғансыз сезіндік. Мен жылап, әрі-бері жүгіріп жүргенде, шудан қолымдағы баламның оянбағанына, оның қорқып қалмағанына қуандым. Кейін видеодан әлгі тобыр басында тиіспейміз дегенмен, бәрібір әуежай ішін шашып кеткенін, әуежай алдында тұрған көліктерді өртегенін көріп жүрегім ауырды. Себебі, бассыздық басталғанда жолдасыма "Тезірек кетейік, әкімдікті өртесе, мына жерді де өртеуі мүмкін" деп безек қаққан едім. Осы топ әуежайға кіріп келгенде, алғашқылардың бірі боп қалаға қарай шықтық. Басқа жолаушыларға және әуежай қызметкерлеріне ештеңе болмады деп қатты үміттенемін.