Ол «Колеса.kz» сайты арқылы «Chevrolet Cruze» маркалы автокөлікті 1 млн теңгеге сатып алмақшы болған
Шымкент қаласының тұрғыны көлік аламын деп ақшасынан айырылды. Ол қымбат көлікті арзан бағаға сатып алмақ болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
1 қарашада Абай АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арыз берген.
«Шымкент қаласының тұрғыны «Колеса.kz» сайты арқылы «Chevrolet Cruze» маркалы автокөлікті 1 млн теңгеге сатып алмақшы болған. Алайда өзін «Дмитрий» деп таныстырған азамат алдын ала төлем ретінде 300 мың теңге сұраған. Арызданушы оның Kaspi Gold-на ақшаны аударып жіберген. Содан кейін көлік иесі ұялы телефонының қоңырауына жауап бермей, WhatsApp желісін бұғаттап тастаған», – делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінде.
Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс шараларын жүргізу барысында күдікті ретінде Түркістан облысының 40 жастағы тұрғынын ұстады.
Қазіргі таңда аталған жайт негізінде ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Шымкент қаласының полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуға шақырады.