Мемлекет басшысы отандастарымызды ақжолтай жаңалықпен құттықтады

17.11.2023 01:07

Бұл туралы Президент Х парақшасында жазды

Ақорда

Мемлекет басшысы отандастарымызды ақжолтай жаңалықпен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv .

– Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х парақшасына.

Президент әлеуметтік желідегі парақшасында мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән беретінін жеткізді. Тәуелсіздік алғалы халық саны 22 пайызға өсі. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросындағылар айтты.

– Демография динамикасына келсек, тәуелсіздік алған жылы Қазақстанда 16,4 млн адам тіркелді. Содан бері халық саны 22% асты. Өңір бойынша халық өсімі Шымкент қаласында, Түркістан және Маңғыстау облысында тіркелді, - дейді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев.

20 миллионыншы тұрғындар бір уақытта 5 өңірде дүниеге келген. 3 ұл, 2 қыз Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында туған. Халық санының өсуіндегі айтулы меже әр 4-5 жылда ғана байқалған.

Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғынына ақшалай сыйлық беріледі. Бұл туралы «Отбасы банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова хабарлады. Бір минутта қатар дүниеге келген 3 ұл мен 2 қызға екі миллион теңгенің сертификаттары табысталады. Сертификаттар бүгіннен бастап 3 ай бойына жарамды. Ол үшін жаңа туған нәрестелердің ата-аналары банк бөлімшесіне сыйлық куәлігінің түпнұсқасын, жеке куәлігін және баланың туу туралы куәлігін алып келуі керек.

– Отбасы банкі дүниеге келген және еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған балалардың болашағына өз үлесін қосқысы келеді. Біз оларға номиналды құны 2 000 000 теңгелік сыйлық сертификатын береміз. Бұл жәй ғана сыйлық емес, ол жарқын болашаққа жолдама, - дейді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Оқи отырыңыз: Президент Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды