Барлық еттің қайырымдылық аясында мұқтаж жандарға таратылатынын атап өткен жөн
Еліміз бойынша 11 мыңнан астам адам құрбандық етін алуға өтініш тастапты. Ал Алматы қаласынан 1305 адам ниет білдірген. Бұл туралы Құрбан айтты мерекелеу тәртібі туралы өткен брифингте Бостандық ауданының Бас имамы Данияр Әлимұхамедұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, құрбан айт мерекесінің қарсаңында құрбандық шалуға ниет білдірушілердің тапсырысы күннен-күнге арта түсуде. Алматылықтардың өзінен онлайн түрде құрбан шалуға 216 өтініш түскен. Онлайн режимде жұмыс істейтін «QURBAN-2020» қайырымдылық акциясы аясында мұқтаждарға ет таратылады.
«Биылғы жылы онлайн kurban2020.kz порталы арқылы ғана барлық құрбандық малдары шалынатынын айтқым келеді. Алматы қаласының ешбір мешітінде құрбандық шыланбайды, құрбандық еттері үлестіріліп берілмейді. Бұның барлығы онлайн порталына тіркелген азаматтардың өтініші қабылданып, сол кісілердің малдары құрбандықтары шалынып, одан кейін өтініш білдірген мұқтаж жандарға біз өзіміз әрқайсысының үйіне арнайы жеткізіп беретін боламыз», – деді «Бәйкен» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев.
Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты қала мешіттерінде 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды. Қоғамдық қауіпсіздікті, адамдардың көп жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында орналасқан дәстүрлі құрбан шалу орындары да жабық болады. Мұндай шектеу шаралары карантиндік талаптарды орындау мақсатында жасалуда.
«Мұның барлығы еліміздегі карантиндік талаптарды орындау үшін, азаматтардың денаулығы үшін, солардың амандығы үшін, ауруды жұқтырудың алдын алу масқатында болып жатқан іс-шаралар болып табылады. Сол себепті тәртіпке бағуға, осы мүмкіндікті пайдалануға баршаңызды шақырамын», – деді «Төле би» мешітінің бас имамы Ерсін Әміре.
Құрбандық шалуға және мұқтаж, аз қамтылған қала тұрғындарының ет алуға қалдырған өтініштерін алу сайтта 24 шілдеден 30 шілде аралығында жүргізіледі.
Қосымша ақпарат алу үшін байланыс телефондары: 8(700)7197622, 8(727)3976390.