Шымкентте мембағдарламамен пәтер аламыз дегендер алаяққа алданған
Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен пәтер аламыз дегендер алаяққа алданып қалдық дейді. Бар ақшасын беріп баспанасыз қалғандар бүгін прокуратураның алдына жиналды. Себебі: әкімдіктегі әлеуметі аз қамтылған отбасыларға арналған үй алып береміз дегендер уәдесін орындамаған, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап
Алданып қалғанын кеш түсінгендер талай табалдырықты тоздырып арыз жазған. Бірақ бір жылдан бері үнімізге құзырлы органдар құлақ аспай отыр деп наразы. Десе де полицейлер жұрттың ақшасын алып алдап кеткендерге қатысты бір апта бұрын іс қозғалғанын жеткізді.
«Алаяққа алданып қалдық» деген тұрғындар прокуратураның алдына жиналды. Олар мемлекеттік бағдарламамен пәтер аламыз дегендерге алдын ала ақшасын беріп қойған. Бірақ не ақша, не баспана болмаған соң, құзырлы орындарға талай мәрте шағымданыпты. Ал тергеушілер істі бұрмалап, ақша жинап алған азаматты күдікті емес, куәгер қылып жібере салды дейді жиналғандар.
- Ділмішов Асқар екеуін беттестіргендегі сөзінің бәрін жалған қып жазған. Анаған сұрақ қойған, ол «иә, алдым» деген. Мен мынадаймынадай болды деп, бәрін бұрмалап, басқалай жазған. Тергеушілер бұрмалаған. Құжаттарын кейін адвокатымыз тапты, - дейді жәбірленуші Сәуле Боранбаева.
Жылдам пәтер алуға көмектесемін деп, жұрттың ақшасын алып жатқан осы азамат. Тіпті тұрғындарға қолхат та жазып беріп жатыр. Ол баспана кезегін жылжытып, «аз қамтылған отбасыларға үй алып беремін» деген желеумен 70-тен астам азаматтан 2-7 миллион теңге аралығында ақша алды дейді жиналғандар.
- Прокуратура, барлық сотқа бардық, бармаған жер қалмады. Бірақ ешқайсысы қимылдаған жоқ, ештеңе істеген жоқ. Өзімізге қарсы шығады. Ділмішов Асқар «бүкіл Шымкенттің прокуратурасы бола ма, ДВД бастығы, сот, бәрін сатып алдым» деген аудиожзбасы да бар, - дейді тағы бір жәбірленуші Нағима Биторева.
Тұрғындардың талабынан кейін аудан прокуроры мен полиция басқармасының басшылары кездесуге келді. Бірақ екі жақтың әңгімесі жарасқан жоқ. Десе де полицейлер алданғандардың арызымен сегіз күн бұрын ғана қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
- Қазір 31 адам жәбірленуші бар. Бәрін жәбірленуші деп танып, жауаптарын алып, тергеу жүргіземіз. Асқар деген кісіге қатысты дәл солай. 14 маусымда Алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалды, - деді Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жәнібек Тұрлыбаев.
Ал тұрғындар айыптап отырған азамат ақша алғанын жасырмайды. Бірақ өзім де әкімдікте жұмыс істейтін көрші әйелдің сөзіне сеніп қалдым деп отыр. Тіпті жұрттан жинаған ақшадан пайда көрмегенін айтып ақталды.