Өңірлік кеңес Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылдың қазан айында құрылған болатын
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен қаланың Индустриалды аймағында жүзеге асырылуы тиіс жобаларды ұсынған өңірлік кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірлік кеңес Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылдың қазан айында құрылған болатын. Нарыққа қатысушылар, салалық одақтардың басшылары кеңесте Алматының Индустриалдық аймағында іске асыру үшін енгізуге үміткер жобалар бойынша ұсынымдар мен кәсіптік қорытындылар береді, не болмаса тұралап қалған бастамаларды алып тастау туралы шешім қабылдайды.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Индустриалды аймақта жүзеге асыруға құны 24 млрд теңге болатын 11 жоба жіберілді. Оның ішінде су жылытқыштар, электрокабельдер, полиэтилен құбырлары, сондай-ақ қажетті фармацевтикалық өнімдер мен дәрі-дәрмек шығаратын зауыттардың құрылысы бар. Бастамашыларға қойылатын басты талап – өндірістің экологиялылығы мен қауіпсіздігі, өнімнің қолжетімді құны мен қазақстандық мазмұнның жоғары деңгейде болуы.
Айта кетейік, ет өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірісі, сондай-ақ энергия тиімді қасбеттер жасау зауыты сияқты табысты жобалар Индустриялық аймақта жер пайдалану шарттарын ұзарту үшін қолдау тапты.
Жалпы, кеңес жұмысын бастағалы бері жалпы инвестиция көлемі 110 млрд теңге болатын 25 жобаның бастамашылары өз ісін іске асыру мүмкіндігіне ие болды. Төрт мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өндірістік алаңдардың құрылысы көктемде басталады.