Болашақ медицинасының перспективалары талқыланған форум жұмысы екі күнге созылады
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев медицинаның болашақ перспективалары талқыланған IV Халықаралық «Денсаулық сақтаудағы инновация - 2019» ғылыми форумына қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Форум Президенттің ісбасқармасы Медициналық қызметінің 90 жылдығы аясында өтуде. Бұл күн Президенттің ісбасқармасы Орталық клиникалық ауруханасының Алматыда 1929 жылы емхана түрінде ашылуынан бастау алады.
«Бүгінгі күні ол заманауи медициналық орталық, мұнда отандық медицинаны дамытушы және озық емдеу-диагностикалық практиканы енгізуші үздік дәрігерлер-жаңашылдар қызмет етеді», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Қала әкімі «Совминка» ретінде танылған ОКА тәжірибесінің медициналық қызметтің сапасын жоспарлы түрде арттыру мақсатында Алматының барлық медмекемелеріне таратылатынын атап өтті.
«Дәрігерлердің кәсіби біліктілік деңгейі тұрақты артатын болады, олардың дұрыс жұмыс жасауы үшін біз барлық жағдайларды жасаймыз. Айта кетерлігі, таяудағы үш жыл ішінде ауруханалар мен емханалардың жабдықталу деңгейін 90%-ға дейін жеткіземіз», - деді мегаполис әкімі..
Болашақ медицинасының перспективалары талқыланған форум жұмысы екі күнге созылады.