Тұрғындар мен желі қолданушылары елдегі қиын қыстау сәтте бәйшешектің бүр жарғанын жақсылыққа балап отыр
Түркістан облысында бәйшешек бүр жарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бәйдібек ауданындағы Боралдай тауының аймағында бәйшешек бүр жарды. Бұл туралы ақпаратты «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы КММ Боралдай филиалының қызметкері Бақытжан Қырықбай есімді тұрғын әлеуметтік желіге жариялады. Суреттерін орналастырып, көпшіліктен сүйінші сұрады. Ал пікір білдіруші оқырмандар бұл жаңалықты жақсылыққа балап отыр. Мәселен, Абай Жүндібаев есімді азамат «Еліміз жаңа дәуірді бастағалы тұр. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды деген аңыз енді шындыққа айналғалы тұр» - деп жазды.
Ал Айгүл Шернияздан есімді желі қолданушысы дендросаябақта магнолияның бүршік жарғанын жеткізді. Жалпы, тұрғындар мен желі қолданушылары елдегі қиын-қыстау сәтте бәйшешектің бүр жарғанын жақсылыққа балап отыр.