Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы аттракциондер паркінде Отбасы күніне орай келушілерге тегін балмұздақ таратылды. Тәттіге таласқан ересектер бір-бірімен жаға жыртысып, тіпті, таптап кете жаздады, деп жазады «ИнАктау» порталы.
Тегін балмұздақ үшін кезекте тұрған адамдар бір-бірін балағаттап, итеріп, алға қарай өтіп кетпек болды.
«Кезекте қысылысып тұрған адамдар құлап, есінен танып жатты. Балмұздақты тек 20-30 адам ғана алды. Қалғандары алған жоқ. Аштықта нан таратқандай болды. Ешкім аяғының астына қарамады, балалар қысылып қалды. Сұмдық», - дейді куәгерлердің бірі.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, балмұздақ үшін кезекте ешкім зардап шеккен жоқ.