2023 жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады

14.12.2022 15:53

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты

vedomosti.ru

Энергетика министрлігі жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарының мәселерін жою бойынша бірқатар шараны пысықтауға кірісті. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Әзірленіп жатқан «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасы:

  •  салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тартуға;
  •  2035 жылға қарай генерациялайтын қуаттардың тозу деңгейін 15-%ға төмендетуге;
  •  нарық қатысушыларының қарсы міндеттемелерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, 2023 жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады, ол өңірлерді жылумен жабдықтау проблемаларын шешу мәселесіне назар аудартады», - деді министр.

Заң шеңберінде Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің рөлі күшейтіледі.

2023 жылдың 1 тоқсанында елдегі Жылу электр орталықтары және электр желілерінің аудиті аяқталады, бұл түйінді проблемаларды және олардың қазіргі техникалық жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әрбір күрделі инфрақұрылым объектісі бойынша шешімдер қабылданатын болады.

Сондай-ақ бүгінгі Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жылу желілері де қайта жаңғыртылатынын мәлімдеді.

«2023-2037 жылдар аралығында жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмысы жүргізілетін болады. Бірінші кезеңде, яғни 2023 жылдан 2030 жылға дейін ұзындығы 1,6 мың шақырым, тозу деңгейі 75 пайыздан астам желілер жылу желілерін ауыстыру жоспарланып отыр (талап етілетін инвестициялар көлемі 538 млрд теңге).

Екінші кезеңде, 2030-2037 жылдар аралығында тозу деңгейі 50 пайыздан 74 пайызға дейінгі жылу желілерін ауыстыру жоспарланып отыр. Мұндай желілердің ұзындығы 3,7 мың шақырымды құрайды (талап етілетін инвестициялар көлемі шамамен 1,2 трлн теңге)», - деді Индустрия министрі.

Ал тозу деңгейі 50 пайыздан төмен желілерді табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде ауыстыру ұсынылады.