Жасөспірім қазір жүктіліктің он үшінші аптасында екен
Биыл жыл басынан бері Павлодар өңіріндегі 16 жасқа толмаған 15 қыз жасөспірім жігіттерінен жүкті болып қалды, деп хабарлады облыстың Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Жанна Белялова.
Ведомствоның мәліметінше, жасөспірім қыздары жүкті болып қалған ата-аналар полицияға арыз берген. Қазір барлық арыз тексеріліп жатыр. Болашақ әкелердің де жасы 15-17 шамасында екені анықталыпты.
Қыздарға сөз салып, қырындауды біледі, бірақ «махаббат ойынының» артында жауапкершілік барынан бейхабар.
Мәселен, 25 шілдеде отыз жастағы ана полицияға хабарласып, мамыр айының басында Павлодардағы пәтерлердің бірінде 16 жастағы бозбала 13 жастағы қызымен жыныстық қатынасқа түскенін айтты. Жасөспірім қазір жүктіліктің он үшінші аптасында екен.
Айта кетсек, қыздарының аяғы ауыр екенін ата-аналар жоспар бойынша дәрігерге қаралғанда бір-ақ білетін көрінеді.
Барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бозбалалар ата-анасының қадағалауына тапсырылған, ал болашақ аналар босануға дайындалып жатыр.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары ата-аналарға үндеу жасады.
«Құрметті ата-аналар! Балаларыңызды тыңдап, түсіне біліңіздер. Жыныстық тәрбие туралы сөйлесіңіздер. Бұл жайында мектептен, дәрігерлерден, көшеден, ауладан, интернеттен біліп алады демеңіздер. Олармен сөйлесіп, түсіндіріп, ара-жігін ажыратыңыздар!» – делінген баспасөз хабарламасында.
Полицейлер балалармен бірге осы тақырыпта әдебиет оқып, деректі фильмдер мен бағдарламаларды көруге кеңес береді. Жыныстық қатынас туралы бала ата-анасының аузынан естіген жөн, деп санайды құқық қорғаушылар.
Дереккөзі: Sputnik.