Қазақ бұлбұлы Бибігүл Төлегенова «Барыс» орденімен марапатталды

15.12.2019 22:28

Жоғары награданы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова табыстады

Тимур Батыршин

Тәуелсіздік күні қарсаңында қазақтың  күміс көмей, жезтаңдай әншісі Бибігүл Төлегенова I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Жоғары награданы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мемлекеттегі және қоғамдық қызметтегі ерен еңбегі үшін, халық әртісіне еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова табыстады. Сондай-ақ Алматыда өткен салтанатты шарада министр бірқатар өнер мен мәдениет саласындағы мемлекеттік марапат иелерін құттықтап, кеуделеріне төсбелгілер тақты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Мен бақыттымын. Мені Мемлекет басшысы «Бибігүл Ахметқызына марапат беріңіз» деп арнайы Алматыға жіберді. Сондықтан сізге осы марапатыңыз құтты болсын дегім келеді. Сіз – жалпы Совет үкіметінің еңбек ерісіз. Бұл кезінде ең биік награда, ең биік марапат болатын. Жасыңыз ұзақ болсын, той құтты болсын», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Өз кезегінде Бибігүл Ахметқызы өзінің бақытты екенін айтып, зор қуанышымен бөлісті.

«Менің ең бірінші мәдениетке, өнерге көзімді ашқан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы болатын. Сол кезде Ахмет Жұбанов біздің ректорымыз еді. Орыстардың ортасында өскендіктен, қазақ тіліне шорқақ болдым. Осы себеппен ректордың кабинетінен талай рет жылап шықтым. Ал бүгін өзім ұшқан ұяда осындай марапатқа ие болып отырмын», - деді Қазақстан Республикасының халық әртісі Бибігүл Төлегенова.

Биыл әлемдік опера ханшайымы Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен атап өтілді. Қазақ операсының дамуына өлшеусіз үлес қосып, халқымыздың мәдени дамуы жолында тер төгіп келе жатқан Бибігүл Ахметқызының өнегелі өмір жолы кім-кімге де үлгі болары сөзсіз.

Сая Меңдеке, «Алматы» телеарнасы