Сенатор Нариман Төреғалиев Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Ол сауалға еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері себеп болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сөзінше, жыл сайын елімізде 1 500-ге жуық адам өндірісте жарақат алып, ал оның 200-ден астамы қаза табады, ал 600 адам жұмыс кезінде мертігу және жарақат алу салдарынан мүгедектік алады.
"2020 жылы тексерілген 1,6 млн жұмысшының 22%-ы зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істегені анықталған. Салдарынан жыл сайын 500-ге жуық жұмысшыдан аурудың алғашқы белгілері тіркеліп жатыр. Одан басқа, 2020-2021 жылдары, еңбек инспекторларымен анықталған 11 мыңнан аса бұзушылық болса, соның 34%-ы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында тіркелген. Осы орайда зиянды және қауіпті жағдайлары бар жұмыс орындарының санын азайту бүгінгі таңда еліміз үшін өте өзекті", – деп айтты Нариман Төреғалиев.
Сенатор баяндағандай, өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – жұмыс берушілердің жұмыс орындарында жұмысшыларды қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етпеуі және мемлекеттік бақылаудың өз деңгейінде болмауы.
"Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алайда оларда мемлекеттік бақылауды тек 237 еңбек инспекторы ғана жүргізеді. Инспекторлардың жетіспеушілігіне байланысты жыл сайын ұйымдар мен кәсіпорындардың тек 3%-ын тексерумен қамту мүмкін болып отыр. Бұл құзыретті органдар өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алумен күреспейді, тек өткен шақпен ғана жұмыс істейді", – дейді ол.
Сонымен қатар Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инспекторлар жоспарлы тексеру жүргізу туралы 30 күнтізбелік күн бұрын ескертуге міндетті. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін халықаралық еңбек ұйымының нормалары бойынша инспекторлар жоспардан тыс тексеру жүргізуге де құқылы болуы тиіс.
"Баяндалғанды ескере отырып, Кәсіпкерлік кодексте көзделген еңбек инспекторларының қызметін шектеу туралы нормаларды Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларына сәйкес келтіру маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекторларының санын арттыру мәселесін пысықтау, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар фактісі туралы уақтылы хабарламағаны үшін жұмыс берушінің әкімшілік жауапкершілігін күшейту мәселесін қарау қажет", – деді сенатор.
Депутат сондай-ақ сенаторлардың бастамасы бойынша қазір еліміздің «Еңбек кодексіне» тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеуге дайындалып жатқанын атап өтті.
Дереккөз: baq.kz