1 млн теңгенің иесін іздеп шарқ ұрған жігіт өзінің өтірік айтқанын мойындап, кешірім сұрады (ВИДЕО)

25.01.2019 16:00

Апта басында 1 млн теңгеден астам ақша тауып алғанын айтып, әмиян иесін іздеген жігіт күні кеше істеген ісіне өкінетінін айтып, көпшіліктен кешірім сұрады. Оның бұл видеосын қайырымдылық жасап көзге түскен блогер Айдын Тоқсанбаева өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды sn.kz.

«Мен Закир Рауан. Істеген ісіме өкіндім. Бұл нәрсені не үшін жасағанымды білмеймін. Мен өтірік алдадым. Бұл әпкемнің ақшасы болды. Сондықтан халықтан кешірім сұраймын. Дұрыс жасамадым», - деп ол Айдын Тоқсанбаева, 31-арна және 7-арнадан шығатын «Өз ойым» бағдарламасынан кешірім сұрады.

Еске сала кетейік, 20 қаңтар күні Алматыда Рауан Закир 1 млн теңгеден астам ақшасы бар қызыл әмиян тауып алғанын айтып, Айдын Тоқсанбаеваға хабарласқан. @janym_baklajanym лақап атымен танылған Тоқсанбаева желідегі парақшасына хабарландыру жазып, әмиян «иесіне» іздеу салған.  Кейін Рауаннан 31 арна сұхбат алып, «Өз ойым» бағдарламасы да қонаққа шақырған еді.