Ата-әжесінің тәрбиесінде болғандар неге психологтың көмегіне көп жүгінеді

09.08.2022 16:01

Психологтың мәлімдеуінше, оның қабылдауына келетіндердің 99%-ы - ата-әжесінің тәрбиесінде болғандар

ашық дереккөзден

Психолог Ержан Мырзабаев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баланы ата-әжесінің қолына берудің оның болашағына кері әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Психологтың мәлімдеуінше, оның қабылдауына келетіндердің 99%-ы - ата-әжесінің тәрбиесінде болғандар. Ата-әжесінің қолында өскендер кейін әке-шешесі және бауырларымен сіңісіп кете алмайды. 

"Кішкентай кезінде бала ата-анасымен бауырмалдық, эмоционалды жақын қарым-қатынас құра алмайтын болса, өскен кезде де әйелімен, күйеуімен, яғни ешкіммен жақын қарым-қатынас құра алмайды. Әрдайым өзін қоғамнан шеттетілген адам ретінде сезінеді. Бұл — қауіпті құбылыс", - дейді маман.

Ержан Мырзабаевтың айтуынша, баланың тәрбиесіне ата-ана ғана тікелей жауапты. Ал ата-әже, нағашы, аға, бауыр, көрші, өзге туысқандар - бала тәрбиелеу процессіндегі көмекші құрал.

"Кейде баланы көкесінің қасында "ауылды көрсін", "қара жұмыс істесін", әпкесімен "кино көрсін" деп екі-үш сағатқа жібересіз. Бірақ бұның барлығы ата-ананың қадағалауында, бақылауында және жоспарлы түрде болуы керек. Жайдан жай жібере салуға болмайды. Тәрбиеге тек ата-ана жауапты", - деп бөлісті психолог.

Теги: ата-ана