Ұсталған келіншек алматылықтардан кешірім сұрады
Алматылықтарды дүрліктірген хабарлама авторы 1991 жылғы жергілікті тұрғын болып шықты. Ол өз кінәсін толық мойындап, жалған ақпарат таратқаны үшін халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
– Мұндай ақпаратты қайдан алдыңыз? Сіз бір сөзіңізде полицияда істейтінін ағаңыз айтты дегендей қылыпсыз ғой?
– Жоқ, полицияда істейтін ағам жоқ. Маған оны бір танысым айтты. Өзім дыбысты хабарлама арқылы үрей туғызған барша Алматы тұрғындарынан кешірім сұраймын. Шын айтайын, осы сөзім соншалықты дүрбелең туғызып, әлеуметтік желіге тарап кетеді деп ойлағаным жоқ. Кешіріңіздерші, өтінем.
Дыбыстық хабарлама авторы Алматы облысы мен қаланың кейбір аудандарында 2 және 16 жас аралығындағы балаларды ұрлау фактілерінің жиілеп кеткенін хабарлаған. Сондай-ақ Қытайда жүк көліктерінен мұзға қатырылған қазақстандық балаларды түсіріп жатқан сәт видеоға жазылғанын айтады. Аталған іске қатысты полиция тергеу амалдарын бастады.