Биыл бидай алқабы қанша гектарға қысқарды

27.03.2024 00:20

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтып берді

elements.envato.com

Биыл бидай алқабы 429 мың гектарға қысқартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv 

Биыл Қазақстанда Мақта алқабын 16 мың гектарға, ал күріш алқабын 6,4 мың гектарға қысқарту жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров суды көп қажет ететін дақылдар алаңын қысқарту шаралары жалғаса беретінін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, биыл жаппай егіс науқаны мамыр айының екінші онкүндігінде басталады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды. Соның ішінде бидайға 13,3 млн гектар егістік алаңдары бөлінген.

– Астық, көкөніс-бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Майлы дақылдар алаңын 385 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда.  Егіс алаңын 3,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 мың гектарға ұлғайтып, 1,2 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Көктемгі егіс жұмыстарына арналған жанар-жағармай бұрынғы бағамен сатылады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жыл басында 340,3 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілгенін мәлімдеді. Ал оның бағасы литріне 250 теңге болып бекітілген.

– Ауыл шаруашылығы министрлігіне 35,8 мың тонна дизель отынын қосымша жеткізуге өтінім жолданды. Іріктеу фактісінің 55 пайыздан аспайтынын және 2023 жылғы күзгі дала жұмыстары қалдықтарын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, дизель отынын тиеп-жөнелтудің оңтайлы кестесін дайындадық, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. 

Оқи отырыңыз: Жүк көліктерін заңдастырумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды