Белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы АҚШ президенті Джо Байденнен Америка Құрама Штаттарына шақырту алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы тележүргізуші, коуч, медиатренер Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
"Жыл сайын Америка Құрама Штаттарының президенті Джо Байден мен оған дейінгі президенттер әр мемлекеттен танымал тұлғалар мен мемлекет басшыларына ас береді. Бұл - қайырымдылық асы. Сондықтан біздің елден таңдау маған түсіп тұр екен. Мемлекетіміздің мүддесін, Президентіміз жасап жатқан ішкі және сыртқы саясатын жеткізу, сонымен қатар біздің руханиятымызды кеңейту, паш ету, қазақ тарихының кең екенін көрсету үшін осы сапарға ниет білдіріп отырмыз. Алдағы аптада үлкен сапарға жол жүрмекпіз", - дейді Нұрлан имам.
"Ас үш дүркін беріледі екен. Бірінші жалпы ас беріледі, одан кейін таңдаулыларына беріледі, сосын ең жақындарына беріледі. Сол үш дастарханға да мен қосылған екенмін. Айтар нәрсе көп. Ең алдымен, еліміз Орта Азиядағы келешекке нық қараған мемлекет екені белгілі. Сондықтан өзіндік орны, әлемде үлкен дәрежесі мен мәртебесі, өткені мен бүгінгісі бар, келешекке үміті зор, нақты пікірі бар мемлекеттің айтары да көп", - дейді имам.