Алматы облысында бекеттегі полицейлерге психологиялық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Алматы облысында полиция қызметкерлеріне психолог-инспекторлар көмектеседі. Арнайы тренингтер қызметкерлердің қасиеттерін күшейту және қалпына келтіру, шыдамдылығын шыңдау, сабырлылық сақтау, азаматтармен қарым-қатынас, әсіресе қызмет кезінде туындайтын қиын шақтарда, арандатушылармен байланыс кезінде өзін орынды ұстау мақсатында ұйымдастырылады.
«Бекеттердің жұмысына жұмылдырылған қызметкерлерге моральдық-психологиялық көмек көрсету – уақыт талабы. Ол қызметкерлердің экстремалды жағдайдағы әрекеттерге қызметкерлердің психологиялық даярлығын шыңдауға, олардың моральдық және физикалық шаршауын жеңілдетуге, ішкі істер органдары қызметкерлерінің моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға негізделеді»,- деп атап өтті Алматы облысы ПД психолог-инспекторы Алина Атабаева.
Аталған бағыттағы қойылған міндеттерді іске асыру үшін тиісті мамандардан құралған арнайы шағын топтар құрылды. Топ мүшелері блок-бекеттерді аралады. Қызметкерлерге әдістемелік-практикалық көмек қызмет орындарында көрсетіледі.
«Біз тәртіп сақшылары жұмылдырылған барлық бекеттерді аралап шығуды жоспарлап отырмыз. Бірінші күні жүзден астам қызметкерге көмек көрсетілді. Жұмыс жоспарлы түрде кестеге сәйкес жасалады»,- деді Алина Атабаева.
Физикалық жаттығулар психикалық-эмоцияналдық шаршауды басуға көмектеседі. Сонымен қатар, көшпелі тренингтер кезінде «Майнд машина» аудиовизуалды аппараты қолданылады. Ол миды аудиовизуалды ынталандыру арқылы қызметкердің эмоционалды жеңілдеуіне көмектеседі.
Анықтама үшін: бүгінгі күні Алматы облысында 118 бекет жұмыс істейді: оның ішінде, 77 санитарлық және 41 жолды бөгеу және блок-бекеттері бар. Бекеттердің жұмысына 1 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған.