Қазақстандықтар жеке куәлік пен паспорт үшін түсірілетін фотоның сапасына көңілі толмай, жиі шағымданады
Қазақстандықтарға паспорт пен жеке куәлік рәсімдеу кезінде өздеріне суретке түсіп, ең жақсы фотосын таңдауға мүмкіндік беріледі.
Бұл туралы "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазақстандықтар жеке куәлік пен паспорт үшін түсірілетін фотоның сапасына көңілі толмай, жиі шағымданады.
Осыған байланысты "Азаматтарға арналған Үкімет" корпорациясы ішкі істер министрлігімен өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр.
"Ішкі істер министрлігі бізді толығымен қолдап отыр. Құжаттау терминалдары биометриялық жүйемен және адамға түсінікті интерфейспен жарақтандырылған. Клиенттер өздері суретке түсіп, ең жақсысын таңдап, көші-қон қызметкерлеріне өтінім жібере алады", - деді Әбділдин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, қазір бірлескен бұйрыққа қол қою мәселесі шешіліп жатыр. Жақын арада осындай терминалдар Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылады.
Әбділдиннің ақпаратынша, былтыр Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 2,4 миллионнан астам қазақстандық жаңа паспорт пен жеке куәлік алған.
Қызмет жартылай автоматтандырылған, оны көші-қон полициясының қызметкерлері көрсетеді.