Бейнежазба әдемі жануарды әртүрлі қырынан түсірген
Қазақстандық Алтайдың қар барысының алғашқы видеосы пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Altaynews-ке сілтеме жасап.
Өткен 2020 жылдың қараша айында Аршаты орманшылығының аумағында орманшы Ж.Аманбаев және мемлекеттік инспекторлар М.Омаров пен М.Арабаев фототұзақ орнатып, оның көмегімен қар барысының ерекше бейнекадрларын алды.
Бейнежазба әдемі жануарды әртүрлі қырынан түсірген.
«Фототұзақтарды орнату және зерттеудің басқа да заманауи әдістері Катонқарағай МҰТП аумағында ілбісіннің биологиясы, экологиясы және басқа да ерекшеліктері туралы көбірек білуге көмектеседі деп үміттенеміз», – дейді Катонқарағай МҰТП-нің ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімінің басшысы Әлия Габдуллина.
Айта кетейік, қар барысы таралу ауқымы мен саны азая бастаған сирек түр ретінде Қазақстанның Қызыл кітабында үшінші санатқа енген. Ғалымдар қазір Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр және Алтай сілемдерінде 100 шақты ғана барыс қалды деп отыр.