69 мыңға жуық қала тұрғынын азық-түлікпен және тұрмыстық құралдармен қамтамасыз ету үшін 2 АЕК-тен төленді
Алматыда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты халықтың барлық осал топтарына белсенді әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Қаражаттар республикалық және жергілікті бюджеттерден, сонымен қатар «Birgemiz» және «Жаңа Алатау» қорларынан бөлінуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осылайша, республикалық бюджеттен жалпы 69 мыңға жуық қала тұрғынын азық-түлік және тұрмыстық құралдармен қамтамасыз ету үшін 2 АЕК-тен төленді. Соның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек баласын күтуші ата-аналар, АӘК алатындар бар.
Сонымен бірге кемінде 2 АЕК-тен кем емес мөлшерде 3 топ мүгедектері және ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген шамамен 24 мың адамға төлемақы беру қарастырылып жатыр.
«Алматы қаласы бойынша халыққа әлеуметтік көмекті Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры көрсетуде. Аталған қор халықтың осал топтарына, яғни 23 мыңнан астам адамға 50 мың теңгеден бөліп төлеу үшін шамамен 1,2 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр. Олардың қатарына әлеуметтік аз қамтылғандар отбасына кіретін көпбалалы отбасылар, бірінші топтағы мүгедектер, мүгедек баланы қараушы ата-аналар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер мен жетімдер бар», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Алматы қаласының жергілікті бюджеті есебінен сәуір айының соңына дейін 18 мыңнан астам ҰОС мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілгендер мен еңбек майданына қатысушыларға бір реттік төлем беру жоспарланып отыр. Осылайша, 206 ҰОС қатысушылары мен мүгедектерге 1 млн. теңгеден, 4 мыңнан аса адам – 100 мың теңгеден және 14 мыңға жуық адам 50 мың теңгеден алады.
Қолданыстағы қолдау шараларымен қамтылмаған мұқтаж адамдарға азық-түлік жиынтықтары (10,5 мың теңге) және санитарлық-гигиеналық құралдар пакеті (10,5 мың теңге) түрінде «Жаңа Алатау» қоры мен «Нұр Отан» партиясының демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік көмек ретінде көрсетіледі. Бүгінде осындай себеттер мен жиынтықтарды 4,7 мыңнан астам адам алып үлгерді. Олардың арасында үйлеріне барып қызмет көрсетілетін жалғызбасты зейнеткерлер, 2020 жылдың жаңа талаптарына сәйкес келмейтін, 2019 жылдың соңында мемлекеттік АӘК алушылар қатарындағы азаматтар бар.
Оған қоса, бүгінде ТЖ кезінде кірісінен айырылған 6650 қала тұрғыны 1 ЕТЖ мөлшерінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан – 42,5 мың теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік көмек алды.
Жалпы, аталған жәрдемақыны алу үшін бүгінде Алматы қаласында 7306 қызметкерді құрайтын кәсіпорындардан 2247 өтініш келіп түскен.