Республика бойынша 500-ден астам оқушы "Вейпсіз әлем" суреттер челленджіне қатысты. Челленждің басты мақсаты - балалардың салауатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылысын қолдау және олардың вейпингтің зияны туралы ақпаратын арттыру, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Қатысушылар зиянды әдеттен бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға және белсенді өмір сүруге шақырылды.
- Бүгінде республиканың әр мектебінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитеті әзірлеген "2023-2025 жылдарға арналған оқушылар мен жасөспірімдер арасында электронды темекі/вейптарды тұтынудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру бойынша Жол картасын" іске асырылып жатыр, - делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
Бұған дейін Қазақстанда 11-15 жастағы жасөспірімдердің 10%-ы вейп шегетіні белгілі болған еді.
11 қазанда депутаттар үкіметтен Қазақстандағы вейп мәселесін тез арада шешуді талап етті. Бұл туралы Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді. Ол жауапты мемлекеттік органдардың бұл мәселе бойынша әлі нақты шешімі жоқ екенін атап өтті.
- Осы мәселеге қатысты мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Ол бұл мәселені көтерді. Депутаттар да талай рет көтерді, бірақ әлі нақты шешім жоқ. Сондықтан Тамара Қасымқызы Дүйсенова, нақты шешім қабылдайтын уақыт келді. Біз біртұтас ұстанымға келуіміз керек. Өйткені ол біздің балаларымыздың және болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселені шешуді тездету керек, - деді Ерлан Қошанов.
Оқи отырыңыз:Алматы әкімдігі жас футболшының идеясын жүзеге асырды