Балалар тұратын үй қоқыстан көрінбейді
«Балалардың әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы ішімдікке салынды». Алматының Медеу ауданында перзенттерін адам шошырлық жағдайда баққан келіншектің көршілері осылай дейді. Ащы судың құрығынан құтыла алмаған әйел кәмелет жасына толмаған үш бірдей баласына қарай алмағандықтан, ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медеу ауданындағы жеке үйлердің бірінде анасымен тұратын, бірақ күтімсіз қалған үш баланың баспанасы – осы. Алматылық полиция қызметкерлері Павлодар қаласынан келген отбасын осы жылдың мамыр айында тіркеуге алыпты. Кезекті тексеріске келген Медеу ауданының тәртіп сақшыларын әйел масаң күйде қарсы алған көрінеді.
– Полиция есебінде тұрған әйел тексеріс барысында байланысқа шықпаған. 8 тамызда ювеналды полиция тексеріп барғанда есігін ашпаған. Есігін қағып тыңдағанда балалардың даусы шыққан. Аталған орынға төтенше жағдай мен учаскелік инспектор шақырып, есікті күштеп, бұзып кірген. Үйдің ішінде кәмелетке толмаған 2018, 2016, 2020 жылғы үш бала болды, – деді Медеу аудандық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Әділбек Қозыбеков.
Көршілері «ащы суға құмартқан әйел жолдасының өлімінен кейін осындай жағдайға душар болған» дейді. Балалар тұратын үй қоқыстан көрінбейді. Ал үш жастағы сүт кенженің тіпті киерге киімі жоқ.
– Өте жақсы балалары бар. Бірақ есігін үнемі жауып алады. Балаларды айына бір-екі рет қана шығарады сыртқа, оның өзінде тек түнде. Кейде жылағандарын естиміз. Бүлдіршіндерді аяп кетеміз. Әйелдің өзімен де сөйлесіп көрдік. Ақыл-есі дұрыс сияқты, – деді көршісі Лариса Батинева.
Балалар қазір кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Олардың бірі – мектеп жасындағы бала. Мекеме қызметкерлері бүлдіршіндердің қоғамға мүлдем бейімделмегенін айтады.
– Аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, балалар алты айға дейін осы орталықта болады. Әрі қарай олардың тағдырын сот пен қамқоршылық органдары шешеді. Ендігіде аталған жайтқа қатысты іс материалдар жинақталып, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолданады. Балаларын қараусыз қалдырған әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін, – деді Білім басқармасы «Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы» КММ директорының орынбасары Нұргүл Елібаева
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Тәжікстан азаматтары өз жерлесін ұрлап, ақша талап еткен