Баянауылдағы өртті сөндіруге 500 адам ат салысып жатыр

23.09.2019 16:33

Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Бұдан бөлек 120 арнайы техника жұмылдырылған. Бұл туралы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, орманды даладағы қызыл жалынның тұтануына ауа-райының ыстық болуы әсер еткен. Ал секундына 24 метрге дейін соққан жел оттың күшеюіне септесіпті.

Жедел мәлімет бойынша, үш елдімекен аумағында өрт сөндірілген, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Тағы екі жерде өрт ауыздықталды.

Павлодар облысының әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Баянауыл ұлттық саябағында таулы аймақта өрт сөндіру жұмыстары жүріп жатыр.