Жаңа оқу жылында 16 мың аз қамтылған отбасының балалары мектеп формасымен қамтылады
Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында білім саласының мамандары дәстүрлі форумда бас қосты. Оқу жылы басталар кезде жиналып, қордаланған мәселелерді қарастыратын шарада қала басшысы көптің көңілінен шығатын бірнеше тың ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тарқатып айтар болсақ, биыл жаңадан ұстаздық қызметке кіріскен 700 жас маман жергілікті бюджеттен 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде яғни 50 мың теңге ақшалай грантқа ие болады. Сондай-ақ, жыл сайын үздік білім беру мекемесі анықталып, кіл мықтыға 800 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйлық табысталады. Бұл қазір 24 миллион теңгені құрайды. Ал 2020 жылдан бастап қаланың өз ісіне адал берілген ұстаздарына арнайы қала әкімінің атынан грант бөлінгелі отыр. Оған қоса, мұғалімдер күні қарсаңында жыл сайынғы «Үздік ұстаз» байқауы жалғасын табады. Сыйлыққа пәтердің кілті, темір тұлпар және басқа да бағалы сыйлықтар беріледі деді қала әкімі. Енді қалада балаларға білім беретін 32 мыңнан астам педагогқа бұл үлкен мотивация болатыны сөзсіз.
Жыл сайынғы дәстүрлі форумда бала бақшалардың да жай-күйі сөз болды. Алматыда ішкі миграция мен бала туудың көрсеткіші қарқынды болғандықтан мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі байқалады. Осыған байланысты алдағы үш жыл бойы қала қазынасынан 6,5 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл қаладағы балабақшадағы орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге жұмсалмақ.
Есте болса, қала әкімі мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің бірінші қабатын кәсіпке береміз деген бастама көтерген. Онда енді кәсіп нысандарынан бөлек, кішігірім балаларға арналған орталықтар да ашылады. Сондай-ақ, инвесторлармен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы қалталы азаматтар қалада 20 мектеп салуға ниетті. Дегенмен, жер жетіспеушілігі бар деді қала әкімі. Десе де, 2021 жылға дейін қаланың шеткі аудандарында жаңа білім ордаларының құрылысын қарастыру жайлы тиісті басқармаға тапсырма берді.
Айтпақшы, жаңа оқу жылында 16 мың аз қамтылған отбасының балалары толық мектеп формасымен қамтылады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 785 млн тенге бөлінді, енді үйірмелер қағаз жүзінде емес, шын мәнінде жұмыс істеуі керек деп қадап айтты қала әкімі, және де қаладағы мұражайларға кіру балалар үшін тегін болмақ.
Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы