Қазақстандықтардан мекенжай анықтамасы сұралмайтын болады - Асқар Жұмағалиев

18.04.2019 16:48

Бүгінгі күні 7 миллионнан астам қазақстандық «мобильді азамат» базасында тіркелген

Tengrinews.kz

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жаңа пилоттық жобаның іске қосылғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Достар, менің мекенжай анықтамасынан бас тарту қажеттігі туралы жазғаным естеріңізде болар. Бұл мәселенің шешімін таптық, енді сіздерден қолдау күтемін. Мекенжай анықтамасының қажеттілігіне күмән келтірген жазбамды жариялаған соң, өздеріңізден көптеген ұсыныс-пікірлер келіп түсті. Бұл анықтаманы біріншіден, мемлекеттік мекемелер жиі талап етеді, әйтсе де олардың сұратуға құқығы жоқ. Екіншіден, Еңбек кодексінде мекенжай анықтамасын талап ету туралы баптың жоқтығына қарамастан, жеке ұйымдар да жиі сұратады», - деп жазады министр Фейсбук парақшасында.

Асқар Жұмағалиевтің жазуынша, дегенмен, мекенжай анықтамасын қажет деп санайтындар да бар болып шыққан. Олар аталған анықтаманың қажет екеніне түрлі себептерді уәж ете отырып, өз көзқарастарын білдіріп жатыр.

«Біз өздеріңізден келіп түскен барлық ұсыныс-тілектерді ескердік. Егер сізге азаматтың мекенжайы туралы анықтама қажет болса, азаматты сол үшін ХҚКО-ға жұмсамай, оны өзіңіз-ақ ала аласыз. Осы мақсатта пилоттық жобаны іске қоспақпыз. Кадрлық қызметтің қызметкері немесе мекенжай анықтамасын сұратушылар азаматтың үшінші бір тарапқа рұқсат бергені туралы SMS хабарламаны алысымен, «egov» порталына кіріп, өздері анықтаманы жүктеп алады», - дейді министр.

Министрдің хабарлауынша, бүгінгі күні 7 миллионнан астам қазақстандық «мобильді азамат» базасында тіркелген. Бұл осынша азаматтың SMS-хабарлама арқылы үшінші тарапқа мекенжай анықтамасын алуға рұқсат бере алатынын аңғартады. Ал, қалған азаматтарға ХҚКО-ға барып, өзінің телефон нөмірін тіркетуіне тура келеді.

«Бұл үшін бірнеше минут уақытыңызды жұмсағаныңызбен, кейін бірқатар артықшылықтарға қол жеткізесіз. Атап айтсақ, 25 сервис пен анықтамаларды ЭЦҚ-сыз телеграмм қызметі арқылы алу мүмкіндігіне ие боласыз. Құрметті мекенжай анықтамасын талап етушілер! Жақын болашақта ҚР Ішкі істер министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, пилоттық жобаны іске қосу күнін белгілейміз. Осыдан соң, азаматтардан мекенжай анықтамасын талап етпей, оны үшінші тараптың сервисі арқылы өздеріңіз алатын боласыздар. Көмек қажет болса, ХҚКО қызметкерлері сіздерге кеңес беруге әрқашан дайын», - дейді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Асқар Жұмағалиев мемлекеттік органдардың базаларын интеграциялау арқылы анықтамаларды барынша қысқарту қажеттігін айтқан болатын.