Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Сергей Карплюк айтты
Елімізде кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспортқа қатысты мемлекеттік баж сомасы төмендетіледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Сергей Карплюк айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атап айтқанда, бүгін Сенатта «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске және «Салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
«Халықтың көші-қоны бөлігінде тиісті нормалар қамтылып отыр. Осы орайда кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорттар үшін мемлекеттік бажды 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендету ескерілген. Сонымен қатар берілген паспорт парақтарының санына қарай мемлекеттік баждың сараланған мөлшерлемесі (16 жасқа дейінгі балаларға берілетін 22 беттен тұратын паспорт – 4 АЕК немесе 13 800 теңге, 36 бет – 8 АЕК, 48 бет – 12 АЕК) енгізілмек», - деді С. Карплюк.
Оның айтуынша, егер адам бір жыл ішінде 2 және одан да көп жеке куәлігін жоғалтып, қайта рәсімдесе мемлекеттік баж мөлшері ұлғайтылмақ.